» » Темірбек Қожакеев атындағы мектепке ғалымның мүсіні қойылды

Темірбек Қожакеев атындағы мектепке ғалымның мүсіні қойылды

Темірбек Қожакеев атындағы мектепке ғалымның мүсіні қойылдыМеркі ауданындағы №39 орта мектеп-гимназиясына  белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің есімі берілді. Білім ордасына ғалымның ескерткіші қойылып, мектеп ішінен Темірбек Қожакеев атындағы  музей де ашылды.
Қазақ журналистикасы мен сатирасының теориясын, тарихын зерттеген белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Темірбек Қожакеевтің еліне сіңірген еңбегі зор. Ол ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін басқарып, мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде қазақ журналистикасының тізгінін ұстаған   көптеген шәкірттері ұстаздың азаматтығы мен қайраткерлігін,  туралығы мен  еңбексүйгіштігін аңыз ғып айтады. 
Көрнекті тұлға Темірбек Қожакеев есімінің Меркі ауданындағы   1000 орындық орта мектеп-гимназиясына берілуіне  байланысты өткен шараға Алматы мен Астанадан, өзге де аймақтардан белгілі ғалым-жазушылар, сатириктер мен  республикалық басылымдардың редакторлары, өзге де  шәкірттері мен әріптес-достары келді.  Олар Темірбек Қожакеевке өзінің  туған жерінде  мұндай құрмет көрсету игілікті іс екенін атап өтті. Ұлағатты ұстаз жайындағы естеліктерімен бөлісіп, мектепке тарту-таралғыларын ұсынды. 
Шара барысында мектеп алдына орнатылған Темірбек Қожакеев ескерткішінің ашылу рәсімі және  ғалымның атындағы музейдің лента қию рәсімі  өтті. Республикаға танымал әншілер және мектеп оқушылары өнер көрсетті. Ескерткіш орнатып, музей ашу ісіне басшылық еткен  Темірбек Қожакеевтің ұлы Мадет Қожакеев  музей ішін талғампаздықпен  жасақтап, ғалымның еңбектері мен суреттерін, орден, медальдары тәрізді жәдігерлерді қойған. 
–Музейге әкеміздің жеке заттарынан гөрі, естелік, танымдық-тағылымдық дүниелерін қоюды жөн көрдік. Өзінің еңбектерін, кітаптарын, әр кездердегі алған орден, медальдарын, кандидат, докторлықты қорғағандағы, профессор атағын алғандағы құжаттарын, өзге де осындай дүниелерді қойдық. Мүсінді еліміздегі белгілі мүсіншілердің бірі – Тілеуберді Бинашев жасады. №39 Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп-гимназиясы аудандағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болады деп ойлаймын. Бұған  мен де өз тарапымнан атсалысамын, – дейді Темірбек Қожакеевтің ұлы Мадет Қожакеев. 
Нұрбану Камал, Меркі ауданы 

Пікір: 0
Пікір қосу