Мектептің ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов және т.б. әкімдік қызметкерлері, ардагер ұстаздар, мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Меркіліктерді білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев:
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің білім беру ісін басты назарда ұстап, ел болашағы – білімді ұрпақ қолында екенін әрдайым айтады. «100 нақты қадам» бағдарламасында жас ұрпаққа әлемдік стандарттарға сай білім беру міндеті қойылған. Облыс басшылығы Елбасы тапсырмасын орындау үшін жаңа оқу орындарын ашып, оқушылардың заман талабына сай білім алулары үшін барлық жағдайды жасап отыр. Биыл облысымызда 7 жаңа мектеп, 1 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды. Соның бірі – Меркі жеріндегі осы жаңа мектеп ғимараты. Облыс бюджетінен 700 млн. теңгеге соғылған зәулім мектеп үйі ел келешегі үшін қызмет етеді, – деп атап өтті.
Абдалы Тоқбергенұлы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1-сынып оқушыларына сыйға тартқан «Менің Отаным» кітабын табыс етіп, облыс әкімінің атынан мектепке 10 ноутбук сыйлады.
Мерекелік шарада ардагер ұстаздар да сөз алып, игі лебіздерін жеткізді. Ұзақ жылдар бойы осы мектепте қызмет еткен ұстаз, еңбек ардагері Зоя Резлюк өз сөзінде мектеп құрылысын үнемі бақылап жүргенін, құрылысшылардың өз жұмыстарын тиянақты түрде атқарғанын атап өтті. Өз кезегінде құрылысты жүргізген «ТаразИнветҚұрылыс» ЖШС-ның бас инженері Дәулетхан Әліпбаев та сөз алып, мектеп директоры Бауыржан Бектұрғановқа мектеп кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылына тарту ретінде теледидар сыйлады. Салтанатты шарада концерттік бағдарлама ұсынылып, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, ауданымыздағы саз мектептерінің ұстаздары және «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
Лента қию рәсімі өткен соң аудан, облыс басшылары жаңа мектеп ғимаратын аралады. Мектеп 3 қабатты, заман талабына сай зәулім етіп салынған. Спорт залы, акт залы, 18 кабинет, технология пәніне арналған ағаш өңдеу, метал өңдеу, тігін шеберханалары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, мектеп жанындағы жылыжай да оқушылардың өсімдік әлемімен етене танысып, сапалы білім алуларына мүмкіндік береді. Ғимаратты толық аралап көрген Абдалы Нұралиев мұндай мектепте еңбек етудің де, білім алудың да өз жауапкершілігі болатынын тілге тиек етті. Ал, жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алған ұстаздар жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруде жауапкершілікпен еңбек ететіндіктерін жеткізді.
Нұрбану Камал, Меркі ауданы





