Тараз. Zhambylnews – Қордай ауданында «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда. Бұл жолы қайырымдылық шараларына «ҚордайГазИнвест» ЖШС қосылып, олар Арал ауылының екі оқушысына жаңа мектеп формасы мен аяқ киімдерін алып берді. Ал Гүлжамал Иманалиева «КИИК» ЖШС атынан екі кішкентай аралдықтарға кеңсе жабдықтары мен қаржылай сыйын берді. Үш оқушыға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен қайырымдылық көмек көрсетіліп, оларға керек-жарақтары салынған портфельдер мен мектеп формалары алынды. Ортақ іске Жамбыл ауылдық №26 ОМ ұжымы да өз үлесін қосты. Салтанатты түрде екі оқушыға оқуға қажетті заттар табыс етілсе, қаржы бөлімінің ұжымы акцияның ең белсенді қатысушылар атанды. Басшының орынбасары С.Әбдіжалиева екі оқушыға спорттық және мектеп формаларын, рюкзактар мен кеңсе жабдықтарын табыстады. Ал зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына Ш.Хасанова шексіз алғысын білдірді. Мекеме басшысы Б.Рамазанов ұжым атынан оның ұлына мектеп формасы мен керек-жарағын алып берген екен. Ол орталық қызметкерлеріне еңбектерінде табыс, отбасыларында береке тілейді.
«ZhambylNews» АА




