» » «Жасыл ел» еңбек жасағына 10 жыл

«Жасыл ел» еңбек жасағына 10 жыл

«Жасыл ел» еңбек жасағына 10 жылӘр жаз айы сайын ондаған жігерлі, әрі қоршаған ортаға салқынқанды қарамайтын «жасыл киімді студенттер» М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың аумағын жасылдандырады, олардың әріптестерін сіз қаламыздың әр түкпірінен және Қазақстанның әр қаласынан кездестіре аласыз. Олар – жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары. Биыл бұл жоба өзінің 10 жылдық мерейтойын тойлауда,-деп жазады аталған оқу орнының баспасөз қызметі.
Бұл еңбек жасағы құрылғалы бері «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы қаланы көркейту, саябақтарды, сондай-ақ қала көшелерін жасылдандырып, оларды күтудің ең тиімді тәсілі екендігін көрсетіп келеді. Жұмыс берушілер қаланы көркейтуді студенттер мен оқушыларға тапсыра отырып, олардың бойындағы нағыз патриоттық сезімді және туған өлкеге деген махаббатты бойларына дарытады. 
ТарМУ аумағындағы тазалық пен тәртіп – оқу ордамыздың қабырғасында білім ала жүріп, соңғы төрт жыл бойы «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс атқарған студенттердің еңбегі. 
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың жастар ісі жөніндегі төрайымы Адина Айнаева ТарМУ-дағы «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысымен таныстырды: «Өздеріңіз білетіндей, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ барлық мемлекеттік, соның ішінде жастар бағдарламаларын қолдайды. Екі жақты келісім бойынша, «Жасыл ел» бағдарламасының шеңберінде соңғы төрт жылдың ішінде студенттер оқудан бос уақыттарын тиімді етіп өткізсін деген мақсатта оларды жазғы жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Даяшы немесе түнгі уақытта күзетте тұру сияқты өздеріне уақыт жағынан, білім алу жағынан тиімсіз болатын, сондай-ақ, әрине, денсаулықтарына зиян келтіретін уақытша жұмыс істегенше, аталған бағдарлама аясында елдің көркеюіне де үлес қосып, жұмыс атқарғандары тиімдірек.
Бұл жерде олар әр түрлі жұмыстар атқарады – тазалау, ағаштарды әктеу, арықтарды тазарту, бұтақтарды кесу, және көгалдарға күтім жасау. Үстіміздегі жылы біз 40 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік, олар 40 мың теңге көлемінде жалақы алады. Жалақының көп бөлшегін М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, ал қалған бөлшегін «Жасыл ел» республикалық штабы төлейді. Сондай-ақ, студенттердің жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін созылады және жоғары оқу орнының өзге қызметкерлерінің жұмыс уақытынан еш ерекшеленбейді. 
Аталған бағдарламаның тағы бір жақсылығы – жастардың бірігуінде. Бірігіп еңбек ету секілді басқа ешқандай тәсіл адамдарды бір-біріне жақындастыра алмайды, өзінің қызметін бастағалы бері «Жасыл ел» көптеген қыздар мен жігіттер өздеріне жаңа дос тапты.»
Айжан Бегзат, 2 курс магистранты: «Менің «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында қызмет етуге мүмкіндігім барына өте қуаныштымын. Мен қазір ақылы бөлімде білім аламын және бұл менің жазғы уақытта ақша тауып, отбасыма көмегімді тигізуге үлкен мүмкіндік тудырады. Өлкеміздің көркеюіне үлес қосып, еңбек етуімізге жағдай жасап отырған ТарМУ-дың басшылығына өз алғысымды білдіргім келеді.»
ТарМУ қабырғасында «Жасыл ел» еңбек жасағын құруды жастар ісі жөніндегі комитеттің ұсынғанын және оны басшылық қуана қолдағанын айта кету керек. Мұнда барлық студенттер өз еріктерімен жұмыс атқарады, әрі сіз бұл жерден кез-келген факультеттің студентін кездестіре аласыз. «Жасыл ел» қатарында жұмыс атқару және сол жұмысқа студенттерді жұмылдыру – жыл бойы белсенді студенттер жүргізетін идеологиялық және угіт-насихат жұмыстарының нәтижесі деп айтуға болады. 
Жалпы алғанда, биылғы жылы ҚР Білім және Ғылым Министрлігі жастар бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 1 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлсе, оның ішінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 60 млн. теңге қарастырылған екен. 
Мінекей, еңбектен қашпайтын қала жастары, соның ішінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері еңбек нарығында да өздерінің мықты бәсекелес болатындарын осылай көрсетіп келеді. Тек өз пайдалары үшін ғана қызмет етпейтін мұндай жастар қос тарапты қанағаттандырып жүр десек – артық емес. Алғашқысы – өз уақыттарын тиімді пайдаланып, қаржыны адал еңбектерімен тапқандықтары болса, екіншісі – өлкеміздің, туған жеріміздің көркеюіне үлес қосу арқылы мемлекеттің бағдарламаларын еш қиындықсыз жүзеге асыруға өз тараптарынан көмекті аяп қалар емес.
Пікір: 0
Пікір қосу