» » Бүгін Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталады

Бүгін Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталады

Бүгін Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталады2015 жылдың 24-30 тамыз аралығында Астана қаласында дзюдодан елімізде алғаш рет әлем біріншілігі өткізіледі. Оған 123 мемлекеттен 823 спортшы (495 ер мен 328 қыз) қатысады деп жоспарланған,-деп жазады 24.kz.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова біріншілікке арнайы келген Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен кездесті. Кездесу барысында Халықаралық дзюдо федерациясымен арадағы Қазақстанның өзара іс-қимылының өзекті мәселелері және спорттың осы түрін республикамызда дамыту перспективалары талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Мемлекеттік хатшы келесі әлем чемпионатын өткізуші ел ретінде Қазақстанға таңдау жасағаны үшін Халықаралық дзюдо федерациясына ризашылығын білдірді. Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының дене тәрбиесіне, бұқаралық спортқа және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт түрлеріне айрықша мән беретінін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда халықаралық талаптарға сай спорттық нысандар бой көтеріп, әлемдік деңгейдегі спорт шаралары өткізілуде. Дзюдо республикадағы ең танымал спорт түрінің бірі болып саналады, онымен 80 мыңнан астам қазақстандық тұрақты айналысады. Спортшылардың шеберлігін жетілдіру мақсатында барлық қажетті жағдай жасалған. Мәселен, бүгінде Қазақстанда елдің құрама командалары жаттығу шараларын өткізетін, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы аккредиттеген 15 спорттық база бар. Тәуелсіздік жылдары дзюдошыларымыз олимпиада ойындарында 1 күміс медаль, әлем чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль, Азия ойындарында 1 алтын, 10 күміс және 21 қола, Азия чемпионаттарында 4 алтын, 6 күміс және 30 қола медаль иеленді. Алдағы әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары жеңіс тұғырының жоғары орындарын иелену үшін сайысқа түсетін болады.



Пікір: 0
Пікір қосу