Тараз. Zhambylnews – Қордай ауданы Ауқатты ауылының тумасы Асхат Жантұрсынов Үндістанның Пуна қаласында өткен кикбокстен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты.Аталған спорт түрімен бала кезінен бастап шұғылданған ол қазіргі таңда биік белестерді бағындырып, талай бәсекеде топ жарып жүр.
Асхат 11- балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып, жаттықтырушы Талайбек Дүйшекеевтен тәлім алады. Кикбосингке 2009 жылдан бастап мықтап ден қойған талантты жігіт 2013 жылы +91 келі салмақ дәрежесінде Шымкентте Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алса, араға бір жыл салып Қызылордада өз атағын екінші мәрте қорғай білді. Сол жылы Венгрияда өткен әлем кубогында қола медальді қанжығаға байлап қайтты. Сондай-ақ, Мәскеуде өткен бокстан халықаралық турнирдің жеңімпазы болды. Биыл Атырау қаласында өткен Қазақстан мен Ресей кикбоксшылары арасындағы жолдастық кездесудің де жеңімпазы атанды.
«ZhambylNews» АА



