» » Меркі ауданында жемқорлықпен күресу жолдары талқыланды

Меркі ауданында жемқорлықпен күресу жолдары талқыланды

Жақында  Меркі ауданы әкімдігінде «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрес жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық  бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен семинар өтті. 
Аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мамандар, ауыл әкімдері мен өзге де мемлекетік қызметшілер қатысқан семинардың негізгі бөлімінде аталған қоғамдық бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалының мүшесі Қасымхан Төлендиев,  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің  Жамбыл облысы бойынша Департаментінің  сыбайлас жемқорлыққа қарсы  сауаттандыру және  жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің басшысы Нұрлан Еркебаев,   Меркі ауданының  әкімі Бақтияр Көпбосынов және т.б. өз алды.  Қасымхан Төлендиев  «Жаңару» СЖҚК ЖҰҚ республикалық қоғамдық бірлестігінің мақсат-міндеттері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыс әкімдігімен, кәсіпкерлер палатасымен, кәсіподақ ұйымдарымен,  «Нұр Отан» партиясымен бірлесе атқарып жатқан жұмыстары жөнінде әңгімеледі. 
         –Бұрын халықта сыбайлас жемқорлықпен күрес құқық қорғау органдарының ғана міндеті деген түсінік қалыптасқан еді. Алайда, бұл бір ғана мекеменің емес, баршамыздың, қоғамның міндеті екенін түсінетін уақыт жетті. Елбасымыз айтқан «Сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілік» принципін әрбір азамат қатаң ұстануы керек. Сыбайлас жемқорлыққа халық болып қарсы тұруымыз, жастарымызды, ұрпағымызды  адалдыққа тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана мемлекетіміз бұл індеттен арылып, даму жолындағы кедергілер жойылады, – деген Қасымхан Естемесұлы мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 
Қасымхан Естемесұлының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң дайындалуда.  Бұл заңда мемлекеттік қызметтің ашықтығына көп көңіл бөлінетін болады. Сонымен қатар, ақпаратқа қолжетімділік туралы заң да қабылданбақ. Бұл – алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктер мен ақпарат құралдарына белгілі бір мекемедегі жағдай туралы  толық мәлімет алуға,  ашықтыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте елімізде бірқатар жаңашыл қадамдар жасалмақ. Осылай деген Қасымхан Төлендиев «Жаңару» СЖҚК ЖҰҚ республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының аудандардағы сыбайлас жемқорлық фактілеріне жасаған сараптамасымен де таныстырды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Меркі ауданында  3 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Былтырғы жылы 1 жылда мұндай 2 факті тіркелген екен.  Ал сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілерінің тіркелуі, керісінше, азайған.  Биылғы жарты жылда осындай 3 факті тіркелсе, былтырғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 7 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі тіркелген. 
Жарыссөзде Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев, Меркі аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Ғалия Қажығалиева,  Меркі ауылдық округінің әкімі Есбол Қосуақовтар баяндама жасап, өз салалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстар жайын баян етті. Жарыссөзде сөйлеушілер сыбайлас жемқорлықпен күресте кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу мақсатында білім мекемелерінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, ұстаздармен де,  оқушылармен де жүйелі жұмыстар жасалып  жатқанын айтқан Жұмахан Сихаұлы өз сөзінде білім саласында биылғы жылдың бірінші жартысында ешқандай сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелмегенін атап өтті.
Семинар секциялық жұмыстармен жалғасын тапты. Мемлекеттік қызметшілер 4 секцияға бөлініп, «Жаңару» СЖҚК ЖҰҚ республикалық қоғамдық  бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының мамандары өткізген секциялық жұмыстарға қатысты. Онда олар өз салаларының заңдық аспектілері жөнінен толғандырған сауалдарына тұщымды жауаптар да алды. Бұдан соң «Жаңару» СЖҚК ЖҰҚ республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының өкілдері қоғамдық қабылдау өткізді. 
Нұрбану Камал 


Пікір: 0
Пікір қосу