
Нью-Йорктегі, Квебекедегі және Лос-Анджелестегі ауқымды медиа-турдан кейін Головкин Калифорниядағы Big Bear лагерінде жаттығу барысына кірісіп кетті. Лемьеге қарсы жекпе-жек 17 қазан күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. Ол ақылы трансляциялар жүйесі арқылы HBO телеарнасынан көрсетілетін болады. Қазақстандықтар бұл жекпе-жекті «Қазақстан» телеарнасынан тамашалай алады. Головкин үшін бұл 2015 жылғы үшінші, ал АҚШ-тағы екінші жекпе-жек болады. Осы жылдың ақпан айында Монте-Карлода отандық боксшымыз Мартин Мюррейді мерзімінен бұрын құлатса, мамырда Инглвудте американдық Вилли Монроны жеңген болатын.