Головкиннің айтуынша, Лемьемен жекпе-жек оған бөлінген дистанцияға созылуы мүмкін.
«Бұл жекпе-жек мен үшін өте қызықты, себебі қазір ол жұлдыз – деді Геннадий allboxing.ru сайтына қарсыласы туралы пікір білдіре отырып. – Өзінің күш-қуатына қарай ол үш немесе төрт раундқа ғана шыдауы мүмкін. Ал егер жұдырықтасатын болса, барлық он екі жаундқа да жетеді. Әр секунд, әр раунд, әр қадам маңызды».
Давид Лемье өз кезегінде сол сайтқа берген сұхбатында былай деген пікірімен бөлісті: «Головкинмен жекпе-жекте аутсайдер болғаным маған ұнайды. Бұл жеңісімнің дәмін тәттірек етеді».
Естеріңізде болса, vringe.com сайтына Головкин «әсерлі драмалық шоу» болады деп әуде еткен еді.
«Біз жаңа жаттығу идеясы мен стратегиясын пайдаландық. Меніңше бұл жекпе-жек мен үшін күрделі сын. Ал «Мэдисонда» шаршы алаңға шығу менің үлкен арманым болатын, себебі аты аңызға айналған орынның тарихымен жақсы таныспын. Бұл бокстың Меккесі тәрізді. Әсерлі драмалық шоуға дайын болыңыздар», - деді ол.
«Головкинді алғаш рет жекпе-жек барысында көргенде, 20 секундтан кейін-ақ «Құдай сақтасын!» деп таңырқадым, - деп еске алды НВО экс-сарапшысы Ларри Мерчант. – Биыл өтетін орта салмақтағы үш титулдық жекпе-жектен кейін бокстағы ең беделді дивизионның сөзсіз көшбасшысы анықталады».


