Тараз. Zhambylnews –Қордай ауданында «Қамқорлық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүгедектерді оңалту орталығында 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спорттық шара өтті. Арнайы шахмат, дойбы және эстафеталық ойындар бойынша ұйымдастырылған турнирде бүлдіршіндер барын салды. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен спорт бөлімінің мұрындық болуымен қолға алынған жарыс спорт күні мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылды.
Дойбы және шахмат ойындарына 6 бала қатысып, шахматтан Сәкен, дойбыдан Темірхан атты балалар жеңімпаз атанды. Эстафеталық ойындарға «Барыс» және «Тұлпар» командалары қатысып, құрамында Аружан, Қамбархан, Алина, Надежда есімді қыз-жігіттері бар «Барыс» командасы топ жарды.
Барлық қатысушылар грамоталармен және медальдармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
«ZhambylNews» АА


