Эндобейнехирургияда операциялық шаралардың ауқымының өсуіне байланысты анестезиологиялық құралдың әдістерін жаңадан өңдеу қажеттілігі яғни, құрсақ қуысына жасалатын күрделі оталарды жасаудың озық үлгілерін үйрету мақсатында Ақтөбе қаласының Медициналық университетінің эндовидеохирургия кафедрасының профессоры, м.ғ.к. Владимир Котлобовский Жамбыл облыстық балалар ауруханасында 2 күндік шеберлік сыныбын өткізді. Шара Карл Шторс инновациялық-хирургиялық жабдықтар фирмасының қолдауымен өткізілді.
Бүгінде облыстық балалар ауруханасында күрделі оталарды жасауға қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтар бар, тек тәжірибе жеткіліксіз болатын. Бірінші күні Ақтөбелік жоғары білікті дәрігер «Құрсақ қуысы ауруларын қазіргі заманғы эндовидеохирургия әдістерімен емдеу» тақырыбында баяндама жасап, тәжірибе алмасуға келген әріптестеріне адам ағзасына көп зақым келтірмейтін эндоскопиялық операция жасаудың бірнеше жаңа әдістерін үйретті.
Мұндай іс-шара балалар хирургиясын әрі қарай дамытуға сөзсіз ықпалын тигізеді және орталықтағы медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік беріп, облыстағы балаларға ауадай қажет маңызды және күрделі оталардың қолжетімділігін арттырады.




