» » Жамбыл облысында жедел вирустық инфекцияның алдын алу туралы конференция өтті

Жамбыл облысында жедел вирустық инфекцияның алдын алу туралы конференция өтті

Жамбыл облысында жедел вирустық инфекцияның алдын алу туралы конференция өттіОблыстық қан орталығында жедел респираторлық вирустық инфекция, тұмау мен пневмококктық инфекциялардың алдын алу мен Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған облыстық баспасөз конференциясы өтті,-деп хабарлайды Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі. 
Мақсаты – жұқпалы вирусты аурулардың санитарлық ағарту жұмыстарын, барлық бұқаралық ақпарат құшралдарын қолдана отырып, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына қатысты, қала және облыс тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға дағдыландыру, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу, сонымен қатар «Жұқтырылған иммун тапшылық синдромы мен адамның иммун тапшылық вирусы», «Жыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алуды» насихаттау.  Конференцияға Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес бөлімінің бас инспекторы, подполковник Василий Дубский, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау Департаментінің инфекциялық қадағалау бөлімінің басшысы Нейля Муликова, ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Орынкүл Әбдікерімова, облыстық тері-венерологиялық диспансерінің дерматолог-венерологы Айнаш Сұлтанқұлова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Сәуле Абдукаримова,  емдеу-алдын алу мекемелерінің  медицина қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 
         Баспасөз конференциясын облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Сәуле Абдукаримова ашты. Өзінің баяндамасында ол жұқпалы вирусты аурулардың алдын алуда атқарылған іс-шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда барлық емханаларда сенім кабинеттері жұмыс істейді және оған кез-келген адам барып кеңес алуға мүмкіндігі бар, тағы да айта кетерлігі онда пайдаланылған шприцтерді жаңасына тегін ауыстырып, жынысты қатынастар арқылы жұғатын аурулардың алдын алу үшін  мүшеқаптар берілетіндігі айтылды.   
         «ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу және облыстағы эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында сөз сойлеген Нейля  Муликованың айтуынша, облысымызда  қазан айының 1-нен  сәуірдің 30-на дейін  елімізде жедел респираторлы вирусты жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша 7 айлық өтуде, яғни барлық емдеу мекемелерінде  аталмыш вирустың алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып, тиісті талаптарға сай жұмыстар жүргізілуде. Өңірімізде биылғы эпидемиологиялық маусымда 2015 жылғы 1 қазаннан бастап, жіті респираторлы вирусты жұқпамен 3 мыңнан аса науқас тіркелді, олардың 5,0% (200-ден аса адам) ауруханаға жатқызылды. Тұмау ауруы тіркелген жоқ. Күнделікті жүргізіліп отырған мониторинг бойынша 80-нен аса жүкті әйел, 400-ден астам 1 жасқа дейінгі балалар жедел респираторлы вирусты жұқпалармен ауырып, ем қабылдаған. Маусымдық тұмаудың алдын алудың ең тиімді құралы егу болып табылады және бірінші кезекте жұқтыру қауіптілігі жоғары топтағыларды, олар жүктіліктің 2-3 мерзіміндегі әйелдерді, балаларды және егде жастағы тұлғаларды. Екпенің тиміділігі 97-98%, егер екпе аурудан толық қорғамаған жағдайдың өзінде, егілген адамда ауру жеңіл, асқынусыз өтеді. Биылғы жылы облыстық және аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа 56 мыңнан аса доза тұмауға қарсы екпе алынып, бүгінгі күні екпе алуға тиісті 5 648 жүкті әйел, 44 457 балалар және 3 мыңнан аса ересек адамдар қамтылды. Жұмыс берушілердің қаражатына 9036 тұлға, оның ішінде 5195 медициналық қызметкерлер, сонымен қатар, Тараз қалалық емханаларда тұрғындардың өз қаражатына ақылы екпе жүргізу ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 300 адам тұмаудан қорғалды. 
         Ғасыр індетіне айналған АИТВ/ЖИТС-ның облыстағы ахуалы туралы Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Орынкүл Әбдікерімова баяндама жасады. 
Статистикалық мәліметтер бойынша АИТВ жұқтырған адамдар саны бүкіл әлемде - 31,1-35,8 млн., ересектер - 29,2-33,7 млн., әйелдер - 14,2-17,2 млн., 15 жасқа дейінгілері - 2,1-2,9 млн. Күніне 7400-ден астам адам осы індетті жұқтыруда. Олардың 1000-ға жуығы 15 жасқа дейінгілер арасында, 50% жуығы әйелдер арасында, 40% 15-24 жас аралығындағы жастар арасында. 
       Неғұрлым басым зақымдалғандар – Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь елдерінен кейін Қазақстан 4-ші орынды иемденіп отыр. Соңғы уақыттарда Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде де жедел дами бастаған. Қазақстанда АИТВ жұқтыру жағдайы  алғаш рет 1987 жылы тіркелді. Орталық Азияда Қазақстан ЖИТС көрсеткіштері бойынша бірінші орында тұр. Ақпарат бойынша елімізде АИТВ-мен 23866 адам өмір сүруде. Індет Қазақстанның барлық аймақтарына дерлік тараған. 
         Жамбыл облысында 2015 жылдың 1 қазанына дейін 895 адам АИТВ жұқпасымен  тіркелген. Олардың 655-ін  (73,1%) ерлер, 240-ын (26,8%) әйелдер құрап отыр. Тараз қаласында тіркелгендер саны 507, қалғаны аудандардан.  
         Баспасөз конференцияда өз пікірлерімен бөліскен сала мамандарының қатарында облыстық тері – венерологиялық диспансерінің дерматолог-венеролог дәрігері Айнаш Сұлтанқұлова жынысты жолмен жұғатын аурулар туралы жіктеп айтып берді. Медицинада дәлелденуі бойынша, ЖИТС-тің қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай: жыныстық қатынас, вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде, т.б жағдайларда), анасынан нәрестеге жұғу арқылы. 
Сондай-ақ, «Есірткінің алдын алуда атқырылған іс-шаралар» тақырыбында Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес бөлімінің бас инспекторы, подполковник Василий Дубскийдің  баяндамасы тыңдалды.   
         Ата-бабаларымыз жаман аурудың аттарын көп айта бермесе керек. Індеттің ушығып, ел арасын жайлап кетуінен қорыққан көрінеді. Дегенмен, айтпасқа амал жоқ. Білместік пен қорғаныштық әрекеттерін білген абзал. Әйтпесе, кешіктіруді кешпейтін аурудың күн сайын өсіп, асқынып кетері тағы бар. Конференция БАҚ өкілдерінің белсене қатысуымен өтіп, журналистер қойған сауалдарға мамандар тарапынан жан-жақты жауаптар қайтарылды.  

Пікір: 0
Пікір қосу