» » Сот өкілдері студенттермен кездесті

Сот өкілдері студенттермен кездесті

Сот өкілдері студенттермен кездестіТараз. Zhambylnews - Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» тақырыбында семинар кездесу өтті. Аталған оқу орнының мұрындық болуымен ұйымдастырылған жиынға Жамбыл облыстық сотының судьялары, институттың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Мақсат – Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны насихаттау һәм іске асыру,-деп хабарлайды ТарМПИ баспасөз қызметі. 
   Шараны ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова ашып, жүргізіп отырды. 
– Елбасы Н. Назарбаев ұсынған «Ұлт жоспары – бес реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам» бағдарламасының екінші реформасы республика соттарында кеңінен насихаттала бастады. Бүгінгі іс-шара соның нақты дәлелі іспеттес. Осы орайда айта кеткеніміз абзал, институтта аталмыш тақырып аясында семинарлар, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, белсенді іс-қимыл жасалып жатыр, – деді, Дария Пернешқызы. 
   Кездесу барысында сот қауымдастығы өкілдері  судьялар мен кеңсе қызметкерлері жұмысының маңыздылығы мен қиындығы, облыс соттарының республика дәрежесіндегі жетістіктері, жаңадан қолданысқа енген қылмыстық, азаматтық, әкімшілік заңнамалар, сот жүйесіндегі заманауи технологиялар туралы көптеген жаңалықтарымен бөлісті. Бұл турасында Жамбыл облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқар Смайлов былай деді:
– Мемлекет басшысы заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін салаға 19 жаңалық енгізсе, оның 11 қадамы тікелей сотқа байланысты. Ең бірінші, сот жүйесі инстанциялары оңтайландырылды. Қазіргі қолданыстағы бес сатылы сот жүйесі үш сатылы болып өзгереді. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінуші халыққа да тиімді. Ал, үш сатылы сот жүйесі – ха­лық­аралық тәжірибеде бар екені баршаға мәлім. Осыған байланысты кассациялық саты облыстан Қазақстан Ресубликасының Жоғарғы Сотының құзырына ауысады. Енді бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық са­ты – Жоғарғы Сот болады. Сот сатыларын оңтайландыру, сот төрелігінің сапасын арттырудың бас­ты жолы болып табылады.
    Сонымен қатар семинар аясында доғарыстағы судья Асылхан Дармурзаев «Тиімді сот жүйесін құру, кәсіби кадр құрамын қалыптастырудан басталады», Жамбыл облыстық сотының судьялары Азамат Тлепов «Бүгінгі биік нәтиже – сот реформасының жеңісі», Дінмұхаммед Әзіретқұлов «Жаңа редакциядағы АПК «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының іс жүзінде іске асыру тетігі» тақырыптарында баяндамалар жасады. Онда Мемлекет басшысының сот жүйесінде жүргізіп отырған рефор­малары егжей-тегжейлі айтылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Маликова Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық заңнамасын жетілдіру жолдары жайында тың ойларымен бөлісті.
   Жиын соңында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері мен қызметкерлері сот өкілдеріне сұрақтар қойып, толымды әрі нақты жауаптар алды. 
«ZhambylNews» АА


Пікір: 0
Пікір қосу