
Қазақстандық делегация Италиядан халықаралық көрме бюросының туын қабылдады. Мақтаныш пен қуанышқа толы бұл сәт мыңдаған қонақ пен телекамералардың назарында. Енді екі жылдан кейін біздің елдегі көрмеге миллиондаған адам келетін болады. Ал әзірге итальяндықтар атқарылған жұмысты қорытындылаумен әлек болып жатыр. Бастапқыда EXPO-2015 көрмесінің сәтті өтетініне барлық ел бірдей сенген жоқ. Алайда Италия ұятқа қалмай, үлкен жетістіктер көрсете алды. Бұл – осы мемлекет президентінің пікірі. Серджио Матарелла, Италия Республикасының Президенті: - Бұл көрменің арқасында миллиондаған адам осы күнге дейін өздеріне беймәлім тағамдардың дәмін татып, өзге елдермен, жаңа орындармен таныса алды. Жалпы бұл көрмеде 20 миллионyан астам билет сатылыпты. Олардың 7 миллионын шетелдіктер алған. Мұнда әлем жұртшылығына ерекше тағамдар ұсынылса, ал Астанадағы көрмеде жасыл технологиялар саласындағы соны жетістіктер таныстырылады. Айтпақшы, осы шара барысында қазақ елінің павильоны үздік үштік қатарынан табылған болатын. Рапиль Жошыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, EXPO-2017 комиссары: - Миландағы көрмеде қола медальға ие болу – өте үлкен табыс. Жетістіктерімізді өзге елдердің де білгенін қалаймыз. Біз де осыншама қонақты қабылдауға қауқарлымыз. Алдағы көрмеде тек жоғары нәтижелер ғана көрсетеміз деген үміттеміз. Болашақ энергиясы – аса маңызды тақырып. Ол – Африка мен Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Габон, Сьерра-Леоне, Сенегал мен Біріккен Араб әмірліктері EXPO-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге осы Миланда қол қойды. Ал Италиядағы шара қазақ елін әлемге жаңа қырынан таныта білді.