Тараз. Zhambylnews -Т. Рысқұлов ауданында "Жұмыспен қамту және тұрғындар табысы” бағыты бойынша облыстық сарапшы топ мүшелерінің көшпелі отырысы болып өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.Жиынды білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрайымы, "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, сарапшы топ жетекшісі Гүлсін Орынбаева ашып, жүргізіп отырды. Отырыста облыстың бірқатар аудандарында халықты жұмыспен қамту мәселелелері әңгіме өзегіне айналып, жиынға қатысқан қаржы ұйымдарының, кәсіпкерлік палатаның, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері өзара пікір алмасып, өзекті мәселе төңірегінде ой өрбітті.
Басқосуда Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, Меркі және Шу аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары Шорман Әбілқасымов пен Гүлмира Керімбаева өз аудандарында бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әшімәліұлы ауыл тұрғындарын банктер арқылы несиелендіру жөнінде кепілдік, мүліктің төмен бағалануы проблемаға айналып отырғандығын айтып, Елбасы тапсырмасына орай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды.
– Сарапшылар тобы көшпелі отырысының мақсаты, - деді жиынды қорытындылаған Гүлсін Рақымжанқызы, - сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді талдап, халықты жұмыспен қамту тетігін жетілдіре түсу жөнінде үкіметке нақты ұсыныстар енгізу болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда мұндай басқосулар өз жемісін береді деп ойлаймын.
Иә, бүгінгі таңда белгілі бір кәсіппен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалынған. Тек қана істің көзін таба білу керек. Қаржыландырудың тетігін дұрыс таңдау қажет. Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту – әрбір жұмыс берушінің азаматтық, қала берді имани парызы болса керек.
«ZhambylNews» АА




