» » Қордай ауданында «Мектепке жол» акциясы негізінде 3900 оқушыға көмек көрсетілді

Қордай ауданында «Мектепке жол» акциясы негізінде 3900 оқушыға көмек көрсетілді

Тараз. Zhambylnews – Ел бойынша жүріп жатқан «Мектепке жол» акциясы әлі де жалғасуда.  Демеушілік марафоны біраз балаға жаңа оқу жылына дайын болуы үшін көп сыйлық жасауда. 
Жаңа оқу жылының екінші күнінде аудандық білім бөлімі қабырғасында №6 орта мектептің 10 оқушысына мектеп және спорттық формалар мен оқулықтар табыс етілді. Бұл сыйлықтарды балаларға республикалық «Хан Талапай» балалар журналының редакциясы мен алматылық «Айша Бибі-Сыланды Ана» ЖШС жасады. 
Айта кетейік, білім бөлімі ауылдық округтер әкімдерімен бірлесе отырып, мақсатты түрде балаларды жаппай оқумен қамту бойынша көп жұмыс атқарып келеді. Қазіргі уақытқа дейін аудан мектептерінің 3900 оқушысына 16 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетілді. 
Акцияға «Айналайын», «Бөбек», «Ақбота», «Жұлдыз», «Нұр» балабақшалары да атсалысты. Мектепалды мекемелер мен аудандық ветеринария және жер қатынастары бөлімдері, сырттай оқыту кешкі мектебі де бұл шарадан  шет қалмады. Сондай-ақ, Арал ауылындағы екі балаға жылы киімдер мен аяқ киімдер табыс етілді. 
Туберкулезге қарсы аурухана ұжымы үш балаға материалдық көмегін көрсетсе, аз қамтылған екі отбасының балалары оқу жылы басында «комхоз» әзірлеген сыйлықтарын алды. Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі 1 балаға толығымен оқушы формасының жиынтығын сыйлады. 
Білім әлеміне сәттіліктер тілеген тұтынушылар құқығын қорғау бойынша аудандық басқарма ұжымы екі балаға оқушылар сөмкесін, мектеп формасын, аяқ киім мен кеңселік жабдықтарын - пеналдар, альбомдар, қаламдар, фломастерлер, дәптерлер тарту етті. 
Белсенді өмірлік ұстанымдары бар азаматтардың да тұрмысы төмендеу отбасыларына өздерінің көмек қолын созуы қуантарлық жағдай. Оның біреуі - Қордай ауылындағы зейнеткер Шөпен Молдақалықов, ол бір оқушыға 15 мың теңгеге көмек көрсетті. Баланың ата-анасы да оған алғысын жаудырды. 
Осылайша, «Мектепке жол» акциясы талай баланың қуанышына себеп болуда. 
«ZhambylNews» АА


Пікір: 0
Пікір қосу