» » Майдангер рухына тағзым жасалды

Майдангер рухына тағзым жасалды

Майдангер  рухына тағзым жасалдыТараз. Zhambylnews – Саудакент ауылында соғыс және еңбек ардагері Тоғай Мамбетовтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шара өтті.
Шара шымылдығы Ә.Әбдіхалықов атындағы мәдениет үйінде ашылды. Байқадам ауылдық округінің әкімі Ержан Көлбаев майдангер ағаның  еңбек және өмір жолына кеңінен тоқталды:
-«Тоғай Мамбетов 1915 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Балалық және жастық шағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Анасынан жастай айырылып, жетім қалып, облыс орталығы, сол кездегі Жамбыл қаласындағы балалар үйінде, мектеп-интернатта тәрбиеленеді. Тағдыр талқысы, өмір тауқыметін бала жастан көріп, оң мен солын ерте танып есейеді. Он жылдық мектепті тәмамдаған соң институтта оқып жоғарғы білім алады.Ең алғаш еңбек жолын облыс орталығындағы Сарысу ауданының сауда базасының директоры болып бастайды. Арада жыл өткенде отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылады. Үш жылдық әскери борышын абыроймен өтеп елге қайтқалы жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Лейтенант шенімен алғы шепте ұрысқа кірген Тоғай ағамыз  талай қанды шайқастарға қатысады. Көзсіз ерліктің  үлгісін көрсетеді. 1944 жылдың күзіндегі ұрыстың  бірінде ауыр жараланып, елге қайтады. Тоғай аға еңбек майданында да алғы шепте болады. Жауапты қызметтер атқарады. Әсіресе, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы болған тұста Саудакент ауылының  көркеюіне елеулі үлес қосады. Өнегелі ғұмыр кешумен бірге, бір отбасының алып бәйтерегі, он бір ұл-қыздың асқар тау әкесі атанады. Майдангер ағаның саналы ғұмыры, елеулі ерлігі мен еңбегі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге»-деді ол.
Бұдан соң сөз алған аудан жұртшылығына танымал ауданның Құрметті азаматтары, көзкөрген замандас інілері Тұрсынбек Ысқақов, Ермекбай Ақылбеков, үлкен ұлы Тұрар Мамбетовтер майдангерді сағынышпен еске алды. Өнегелі  өмірінен әсерлі естеліктер айтып берді.
Одан әрі іс-шара соғыс және еңбек ардагері Т.Мамбетовтың 100 жылдығына орай қазақ күресінен балуандардың боз кілемде белдесуімен жалғасты. Мәдениет үйінің кең сахнасына жайылған боз кілемде жауырыны қақпақтай, құрыш білекті, жалын атқан жас балуандар бабы мен бақтарын сынады. Тәуелсіздіктің  туын тіктеп, егеменді ел болғалы қазақ күресі қанатын кеңге жайып, әлемге танылғаны баршаға мәлім. Көрермен қауымның делебесін қоздырып, көз қуанышына айналған жеңімпаз балуандар да анықталды. Бас жүлде 100 000 теңгені саудакенттік Бақытқали Тәттібаев, 2-орын 50 000 теңгені Ізбасар Ералиев,  3- орын 30 00 теңгені Ерғаш Сәбитов, ынталандыру сыйлықтарын Айдос Бейсенбек пен тараздық  Жәнібек Қожагелдиев иеленді.
Шараны ұйымдастырушылар  тарапынан  жарыс жеңімпаздарына тиісті  жүлделерін ауыл әкімі Е.Көлбаев, майдангер жары Ұлтуған Сопбекова, ұлдары  Жаңатас қалалық №4 өрт бөлімінің басшысы, өртке қарсы қызмет майоры Мендияр Мамбетов, Бақтияр Мамбетов,бауыры Сайлау Ұзынғазиевтер табыстады.
Жарыс соңынан майдангер рухына бағышталып, «Саудакент» мейрамханасында ас беріліп құран бағышталды. Сонымен бірге  журналист Темірлан Әбілдаевтың майдангердің өнегелі өміріне арналған «Жапырағын жайған бәйтерек» атты кітабының тұсауы кесілді. Авторға ұрпақтары тарапынан сый-сияпаттар жасалды.
 
«ZhambylNews» АА


Пікір: 0
Пікір қосу