Ашық диалог барысында кедендік ресмиліктерді оңтайландырудағы өзекті мәселелер қатары талқыланды, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды толассыз бақылау механизмі, сонымен қатар, бизнес қауымдастық өкілдерінің ұсыныстарын қарау арқылы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызатын жаңа шаралар талқыланды.
Индустрияландыруды жеделдету және экономикалық даму бағытында жасалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 37-46 бөлімі кедендік рәсімдеуді оңтайландыру мен салық және кедендік әкімшілендіруге тікелей бағытталған. Бұл қадамдар – салық және кеден жүйесін ықпалдастыру реформасының жалғасы іспеттес.
Астана қаласы бойынша МКД кедендік рәсімдеу басқармасының басшысы Р.Асхатов жаңа кедендік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Соның ішінде кедендік шекараны өту рәсімін жеделдету, қаржылық шығындарды азайту, тауарларды тауарлар декларациясын ұсынуға дейін пайдалану, алдын-ала және электронды декларациялау рәсімін қолдану мүмкіндігі, жүктердің сақталуын қамтамасыз ету, құжат айналымын қысқарту, құжаттар жиынтығын азайту, «бір терезе» қағидасы арқылы кедендік рәсімдеулер жүргізу. Р.Асхатовтың айтуынша, қазіргі таңда тауардың Қазақстан аумағына әкелуінен бастап оның саудада жүзеге асуына дейін толассыз бақылау әдісі тоқтатылған.
«ҚР Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер Комитеті арнайы тауарларды таситын топтарға арнап тауарды таңбалау жолымен, тауардың Қазақстан аумағынан әкелгеннен бастап саудаға шығуына дейін толассыз бақылауды қамтамасыз ету ұсынылған болатын. Мәселен, теріден жасалған киімдер, дәрі-дәрмек өнімдері, ұялы телефондар өндірілетін зауытта немесе уақытша сақтау қоймасында электронды белгілер қойылып, кедендік декларация электронды шот-фактураға «байлану» арқылы электронды түрде рәсімдеу енгізіледі және «Виртуалды қойма» дерекқоры ішінде импорт пен тауар өндіру туралы ақпараттарды шоғырландыру керек. Мұндай шара «қауіпті» сыртқы экономикалық қызмет қатысушысын жедел ұстауға мүмкіндік береді», – дейді Р.Асхатов.
Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексінің жобасы әзірленіп жатыр. Жоба қоғамда кең талқыланып, мемлекет ішінде келісім алу кезеңіне өтеді. Жоба электронды құжат айналымына бағытталған, басты басымдық – электронды декларацияға беріліп отыр.
Кеден қызметкерлерінің айтуынша, тағы бір жаңа әдіс – фискал органы қызметкерлерінің көмегін қажет етпейтін кедендік операциялар. Бұл операциялар шығарылған тауарды тіркеу жүйесімен байланысты.



