
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің Шымкенттен Жамбыл облысына дейінгі аралығындағы 81 шақырым жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.-деп жазады 24kz.
Мердігерлер ғасыр жобасын мерзімінде аяқтап, ел игілігіне береміз деп отыр. «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Көліктік логистикалық инфрақұрылымды дамыту» жөніндегі жұмысшы тобының мүшелері ғасыр құрылысын көріп қайтты. Шымкенттен Тараз бағытындағы жол құрылысын шетелдік екі бірдей компания жүргізіп жатыр. Сайрамнан Түлкібас ауданының орталығына дейінгі 40 шақырымды Қытайлық компания жүргізуде.Мердігерлер қазір Машат асуын көлік қозғалысына біршама ыңғайлы етіп жасап жатыр. Фан Ченнин, қытайлық мердігер компанияның жетекшісі - Құжаттарды рәсімдеуде жергілікті әкімдік көп көмектесті. Аяққа тұсау болған мәселелер қазір толық шешілді. Жол құрылысты жыл соңына дейін толық аяқтаймыз деп отырмыз. Ал,Түлкібастың орталығынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі аралыққа бетон емес асфальт төселеді. Өйткені бұл жерлерде қыс қатты болады. Өкпек желі тағы бар. Сондықтан бетонға қарағанда асфальт жол тайғанақ болмайды, - дейді мамандар. Шақпақ асуында боранда талай көлік жүре алмай қалып қоятын. Енді бұл түйіткілді тоннель шешеді. Ахмат Наймихан, мердігер компанияның жетекшісі: - Негізгі жолды биыл пайдалануға береміз. Ал тоннельді келесі жылдың мамыр айында бітіреміз. Қазірдің өзінде таудың біршама жерін қазып қойдық. Ғасыр құрылысының осы бөлігінде жалпы 800-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Оның тең жарымынан астамы ауыл тұрғындары. Құрылысқа қажетті шикізат отандық.құрылыстың сапасы қатаң бақылауға алынған. Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Біз бүгін мердігерлердің арнайы өздерінен сұрағанымызда олар ешқандай кедергі жоқ деп отыр. Сондықтан мен ойлаймын, Елбасының тікелей бақылауында тұрған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы 2015 жылы, қалғаны 2016 жылы тиісті бекітілген мерзімінде бітеді деп есептеймін. Халықаралық көлік дәлізінің 454 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтеді. Шымкенттен Қызылордаға қарай бағыттағы жолмен көліктер жүріп жатыр. Ал Жамбыл облысына дейінгі аралық келесі жылы толық бітіп іске қосылмақ. Ғасыр жобасы атанған жол барыс-келісті жақсартып қана қоймай, елдің ырысын арттырмақ.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Нұрмахан Бекмұратов