«Уилли Монромен өткен кездесуге де билеттер өте жылдам сатылған еді, алайда, мұндай қарқынмен емес. Madison Square Garden аренада бүгінге дейін талай үлкен жекпе-жектер өтсе де мұндай жағдай MSG тарихында алғаш рет болып отыр. Жалпы, алғашқы екі сағат ішінде сатылған билеттерге қарап, 17 қазанда аншлаг болатынына күмән келтірмеймін», - дейді Леффлер.
Айта кету керек, Madison Square Garden 17-18 мың адамға шақталған. Леффлердің айтуынша, бұған қосымша тағы жүздеген орындық қойылады және аренадағы орындардың жартысы 50 доллардан сатылады.
Бұған дейін билеттер 12 тамыздан бастап сатылатынын хабарлаған болатынбыз. Ең арзан билеттің құны 50 доллардан басталып, 500 долларға дейін барады. Кездесу ақылы трансляциялар жүйесі (PPV) арқылы HBO арнасында көрсетіледі. Қазақстандықтар жекпе-жекті «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай алады.


