» » Қазақстандағы шетелдіктер Жаңа жылды қалай қарсы алады?

Қазақстандағы шетелдіктер Жаңа жылды қалай қарсы алады?

Жаңа жылға санаулы күн қалды. Бұл мерекені осы күндері әлемнің басым бөлігі тойлайтыны мәлім. Еуропалықтар Рождествоны атап өтсе, жапондықтар жаңа жылда су жаңа киім киюге тырысады екен. Осы мерекеде күлкі бақыт әкеледі деп сенетін олардың езулерінен күлкі кетпейтін көрінеді. Біз Қазақстанда жұмыс бабымен не басқа себептермен жүрген шетелдіктердің Жаңа жылды қалай қарсы алатынын біліп көрген едік,-деп жазады khabar.kz.  
ТМД аумағындағы елдер жаңа жылды 31 желтоқсан тойлап келеміз. Ал Еуропа үшін «Мэри Кристмас»  маңыздырақ. Қытайлықтар кейін тойлайды. Әр елдің салты басқа, бірақ ескімен қоштасып, жаңа жылмен қауышу сәті бәрінде толқуға толы. Бұл жолы біздің елдегі шетелдіктерді сөзге тарттық. Жаңа жылды біз ас та төк дастарханмен елестетеріміз рас. Ас мәзірінен гөрі көңіл-күйін сұрағанды жөн көрдік.   Дайске Кишигами, аспаз  -Жаңа жыл құтты болсын! Жапония мен Қазақстан халықтарының  жаңа жылға көзқарасы әр түрлі. Екі елдің көңіл-күй ауаны да басқаша. Сіздер 31-і күні де жұмыс жасайсыздар, ал бізде желтоқсанның 29-ынан бастап барлық компания жабыла бастайды. Мұнда да мерекеге қаланы көріктендіргенімен дәл біздегідей емес. Дайске Кишигамидің кешелі бері қолы босамауда. Жапон тағамдары әзірленетін дәмханасының есігі жабылар емес. Оның тілінде «Осоджи» үй жинау дегенді білдіреді. Дәстүр бойынша жаңа жыл алдында баспананы бар қоқыстан тазартып, ас әзірлейді. Қазақ пен жапонның әлпеті де, әдеті де ұқсас деп қояды. Келген қонақты дәмсіз қайтармайды. Бізге де дәстүрлі күріш қосылған  «укуеки» жапон асын әзірлеп берді. Жеті ай Қазақстанда жұмыс істеген жапондық қарапайым аспаздан бөлек, біз шетелдің саяси өкілдерін де табуға тырыстық. Өзбек елінен кейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болғанына бір жыл толған Джордж Кролл жаңа жылда биыл Америкаға бармайды. Елші елпілдеп қазақша құттықтап үлгерді.  Джордж Кролл, Қазақстандағы АҚШ елшісі  -Жаңа жыл құтты болсын!  Елордадағы «Әбу-Дабидің» сәулетін келістіруге Иорданиядан келген инженер Сайф Маданат та биыл Қазақстанда қалады. Дәстүрі де, ғұрпы да тым өзгеше Таяу Шығыстағы араб елінен келген ол біздің ортаға бейімделіп жүр. Биыл Иорданияғыдай рождество емес жаңа жылды тойлайды. Күркетауық емес, жылқы етін жейді.   Сайф Маданат, инженер  -Мен мұнда келгеніме екі-ақ ай болды. Қазақ жігіттері ақкөңіл екен, бірі өз үйіне қонаққа шақырды. Жаңа жылда қазақ отбасында ас ішемін. Жылқы етін өмірімде жеп көрмегенмін. Қазақтың ұлттық тағамынан дәм татамын деп дәмеленіп отырмын.  Аязды күні беттері домбығып ойнаған балақайларды көріп Сайфтың да сырғанақ тепкісі келді. Елін сағынбайтын ер бола ма?! Сайф бұл сапарын саяхатқа балайды. Ел көріп, жергілікті халықтың мәдениетін танығысы келеді екен. «Мұнда Иорданиядағыдай емес, еркіндік басым», – дейді.  Міне бұл – Қазақстандағы экзотикалық топ. Серж Матондо бастаған  «Килиманджаро» тобы жаңа жылдық кештердің сәнін келтіреді. Конго тумалары үш жігіт, бір қыз Африка әуендеріне басып, тайпа биін де билейді. Барабан соғып жыңғылдың шуылына дейін келтіреді. Біздің халықты танып үлгеріпті.   Серж Матондо, әнші  -Я скажу что очень хорошо отмечают Новый год. Люди очень веселые, понимают что такое Новый год. Биылғы қыс әжептәуір жылы, әзірге. Бірақ Африканың шыжыған ыстығынан келгендер суыққа әрең үйренсе керек. Жаңа жылда ет асып жеп жылынамыз деп күледі.  



Пікір: 0
Пікір қосу