» » Меркі ауданында ҚР Конституциясының 20 жылдығы атап өтілді

Меркі ауданында ҚР Конституциясының 20 жылдығы атап өтілді

Меркі ауданында ҚР Конституциясының 20 жылдығы атап өтілдіМеркі ауданында ҚР Конституциясының 20 жылдық мерекесі атап өтілді. Аудандық мәдениет үйінде  ауданның сала басшылары, әкімдік қызметкерлері мен өзге де азаматтар қатысқан  салтанатты шарада бас құжаттың 20 жылда елімізге бергені мен мемлекет дамуындағы  маңызды рөлі туралы айтылды. 
Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Мадияр Шалабаев пен Мадина Оспаналиевалар жиынды ашқан соң, сахнаға мемлекеттік Ту салтанатты түрде әкелініп, мемлекеттік Әнұран орындалды. 
Мерекеде аудан халқын Ата Заңымыздың 20 жылдық мерекесімен  құттықтаған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов бұл күннің еліміздің әрбір азаматы үшін ерекше қадірлі, ұлық мереке екенін атап өтті. 
– Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтарын, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Бүгінгі Қазақстан  Конституциясы Республикадағы қолданылатын   қалыптасып жатқан құқықтық жүйесінің нормативтік бастауы бола  тұра, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді. Ол - ел Тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі, саяси-құқықтық төлқұжаты болып табылады, – деді Бақтияр Бейсембайұлы.
 Аудан әкімі әр сала бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады. 
Меркі ауданының  ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары облыста алдыңғы қатарда. Мәдениет, білім, әлеуметтік, денсаулық сақтау салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың да  ауқымы үлкен. Мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, білім нысандары мен жеке кәсіпкерлік нысандарының құрылыстары қарқынды түрде жүруде. 
Саяси мәні зор, айтулы мерекеге орай ауданның  бірқатар азаматтары марапаттарға ие болды. Марапаттау рәсімінде аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның басшысы Бақыт Сауранбаевқа және облыстық «Тұран» этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Халил Алиевке  ҚР Конституциясының  20 жылдығына арналған естелік белгіні  табыс етті. Бұдан бөлек, ауыл әкімі,  аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мектеп мұғалімдері мен мекеме басшылары, этно-мәдени бірлестік өкілдері және жеке кәсіпкерлер бар, барлығы 25 адам  ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 5-тамыздағы Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.  Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Аспара ауылдық округінің әкімі Мекен Оңғарбаев  Жамбыл облысы әкімінің,  Ақермен ауылдық округінің әкімі Алпысбай Сатыбалдиев  Жамбыл облыстық мәслихатының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мерекеде жиналған қауым ауданның көркемөнерпаздары дайындаған «Жарқыра, Ата Заң!» атты концертті тамашалады. 
Нұрбану Камал, Меркі ауданы 

Пікір: 0
Пікір қосу