Әлеуметтік желілерде соңғы 2 күн бойы балаларды шылым түтінінен қорғаудың жаңа тәсілі талқылануда. Бұл тақырып күні кеше tengrinews желісінде де қозғалды. Нақтыласақ, бүлдіршін отырған көлік салонында темекі тартуға шектеу қою ұсынысы айтылды. Идея авторы «Жалпы жол» қауымдастығының президенті – Арсен Шакуов,-деп жазады khabar.kz. Оның пікірінше, осындай жағымсыз әрекеттерден мыңдаған баланың тыныс алу жолдары мен өкпесіне зақым келуде. Темекі өзге де ауруға себеп болатыны сөзсіз. Ал көлік ішінде бүлдіршін болса, бұл әрекет тіпті қисынға келмейді. Ұсыныс айтылғаны сол, оған қолдау білдірушілер бірден табылды. Тіпті Мәжіліс депутаттарының бірі осы тақырыпты жұмыс тобында қарастыруға ниет білдірді. Шынында да мәселе назар аударуға тұрарлық. Саны белгілі болмаса да, көлікте отырып шылым тартатындар жиі кездеседі. Егер ұсыныс қолдау тапса, шылымқұмарлар жазаға тартылады. Англияда бұл әлдеқашан заңдастырылып қойған. Баланы темекі түтінімен улағандар 50 фунт айыппұл төлейді. Енді осы жүйе бізде де қолданылуы мүмкін. Айта кетейік, көрші Ресейде күрестің осы түрін заңдастыру жағы қарастырылып жатыр.



