Жамбыл облысындағы «Тараз химиялық паркінің» сыртқы инфрақұрылымдық жүйесінің құрылысы аяқталуға жақын. Арнайы экономикалық аймақтағы бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген. Қазір мамандар жоспарланған істің 70%-дан астамын аяқтады,-деп жазады 24.kz. Жоба құны 30 млрд теңгеге жуық. Бұл – жоғары технология негізінде жаңа химия өндірісін қалыптастыру мақсатындағы құрылыс. Жоба толық жүзеге асса, өндіріс ошағы алып химиялық кластерге айналмақ. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы тоғыз жолдың торабы Шу қаласынан 15 шақырым жерде салынып жатыр. Көлемі – 505 гектар. Қазір бұл жерде бірінші кезекте зауыттарға қажетті электр энергия, автокөлік және теміржолдар мен су, көгілдір отын желілері тартылуда. Аталған жұмыстар 2016 жылы аяқталып, инвесторлар зауыт құрылысын бастай алады. Ал екінші кезең қорытындысы 2018 жылдың тамызына жоспарланған. Әбдімүтәліп Айтқожаев, құрылыс-монтаж жұмыстарын бақылау жөніндегі бөлім инженері: - Аралық станса қалды. Оның материалдарын келіп жатыр. Одан кейінгі жоспарда су құбыры тұр. Оның қазіргі кезеңдегі дайындығы 80%-ға біткен. Келешекте арнайы экономикалық аймақта кем дегенде 16 зауыт бой көтереді. Олардың ерекшелегі бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Яғни бір өндіріс орнының өнімі екіншісіне шикізат ретінде пайдаланылады. Осылайша елде химиялық өндіріс өркендеп, шетел импортын азайтады. Алғашқылардың бірі болып зауыт салатын «Химплюс» компаниясының өзі каустикалық сода, глифосат, үшхлорлы фосфор шығарады деп күтілуде. Ал қалған екі инвестор ауылшаруашылығына қажетті тыңайтқыштар мен метанол өнімдерін өндірмек.



