» » Қарақшылар тобы құрықталды

Қарақшылар тобы құрықталды


Тараз. Zhambylnews - Байзақ АІІБ криминалды полиция қызметкерлерінің жан-жақты және  кәсіби әрекеті нәтижесінде қарақшылық шабуылды жасаған күдікті топ құрыққа түсті,-деп хабарлайды  Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарында Байзақ АІІБ-нің «102» тетігіне осы ауданның 1943 жылы туылған  азаматынан үйіне қарақшылар тобының шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түскен. Жәбірленушінің айтуынша –  түн ортасында бетперде киген белгісіз  үш тұлға Байзақ ауданында орналасқан үйіне басып кірген. Отбасын қарумен қорқытып, озбырлықпен күш қолданып, алтын бұйымдары мен 200 мың теңгеден аса қаражатын қолма-қол иеленіп кеткен. Жеке кәсіппен айналысатын жәбірленушінің қолында қомақты қаражаты болатындығын біліп, алдын ала дайындықпен келген.
Қарақшылар осы үйдің 72 жастағы қариясының аяғынан қарумен  атып, ауыр дене жарақатын келтірген.
Күдікті тұлғалар осы ауданның жергілікті 1993, 1987ж.т. тұрғындары және Тараз қаласының 1984 ж.т. азаматы. Олар кінәларын толық мойындап, уақытша қамақта ұстау изоляторына тоғытылды, сонымен қатар бұл азаматтардың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоқтығы тексерілуде.
Қазіргі таңда ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. 
Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
 «ZhambylNews» АА


Пікір: 0
Пікір қосу