» » Тіл туралы Заңның орындалу барысы тексерілді

Тіл туралы Заңның орындалу барысы тексерілді

Тараз. Zhambylnews - Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қордай ауданы орталығында Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның орындалу барысын зерделеу, әдістемелік көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылып, ірі сауда орындарында болды. 
Шараның мақсаты - сыртқы көрнекі ақпараттарда еліміздің «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдары талаптарының сақталуын бақылау болды. Құрамында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ерлан Ермағанбетов, аудандық мәденит және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сандуғаш Гельманова бастаған Ішкі саясат, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық кәсіпкерлер палатасы өкілдері бар комиссия  «Қордай Сити», «Мерей», «Орион», «Семейный» және «Жан сая» сауда үйлерінде болып, деректемелер мен көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуы бойынша кәсіпкерлерге дұрыс-бұрыстығы турасында кеңестер беріп, қате кеткен тұстарды жылдамырақ жөнге келтіруге ұсыныс жасады. 
Комиссия мүшелері кәсіпкерлерге негізінен ҚР «Тіл туралы» заңының 2- бабын әрдайым есте сақтау қажеттілігін ескертті: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады. Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде - сол жағында немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төмен жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттілігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқада тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс»,-деді олар. 
«ZhambylNews» АА

Пікір: 0
Пікір қосу