» » Т. Рысқұлов ауданында 7 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті

Т. Рысқұлов ауданында 7 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті

Тараз. Zhambylnews - Т. Рысқұлов ауданы мектептерінде  221 жо­ғары және 533 бірінші санатты пе­дагог білім беруде. Ағымдағы жылы "Дип­ломмен – ауылға” бағдар­ла­масы аясында 4 жас ма­ман Болтай батыр, А. Шынәсілов атындағы және Қызылту орта мектептеріне қабылданып, өз пән­дері бойынша жұмысқа орналас­тырылды.
         Үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге байланысты Юбилейное ауылында орналасқан апатты жағдайдағы 300 орындық Подгорное шағын орталықты орта мектебінің ғимараты қайта еңсе тіктеп, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. Жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құны – 675664,0 мың теңге.
         Биылғы жылы ағымдағы жөндеуден 7 мектеп өтті. Атап айтсақ, Абай атындағы орта мектепте асханадағы кәріз жүйесі ауыстырылып, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің асханасына, Құлан орта мектебінің спортзалы мен асханасына, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп спортзалына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қ.Сәтбаев және Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептердің терезелері ауыстырылды. Ал, Қорағаты орта мектебінде  ғимараттың бір бөлігін интернат ғимаратына ауыстыру жұмыстары жүргізілді.
         Аудандағы білім мекемелеріне оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу үшін 78604 мың теңге бөлінді. Мектептерге оқулықтар толығымен 100% алынып, таратылды.
 
«ZhambylNews» АА


Пікір: 0
Пікір қосу