
Мәселен, қаратаулықтар үшін Үкіметтің «Моноқалаларды дамыту» жобасымен жұмыс істеген ыңғайлы. Сондықтан шағын шаһардың тұрғыны Нұрбол Байжанов та осы бағдарламаға жүгінген. Ол жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз кәсібін кеңейтті. Нұрбол Байжанов бастапқыда жиһаз жасауды үйінде бастаған. Тапсырыс көбейіп, сұраныс артқан соң, қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесін өз қаржысына жөндеп, цех ашқан. Бірақ кәсібін әрі қарай дөңгелету үшін «қаржы қолбайлау болды» дейді ол. Осы кезде мемлекет ұсынған жеңілдікпен 2 млн 300 мың теңге несие алып, цех жұмысын жандандырды. Нұрбол Байжанов, жас кәсіпкер: - Айналымға қажет болар деп алдым. 14%-бен алсам, соның 4%-ын өзім, 10%-ын үкімет төлейді. Құжаттарын дайындап, жобасын әзірлеуге аудандық әкімдік жанындағы бизнес инкубатор мекемесі жәрдемдескен. Бұл жерде тірлік істеп, іс бастаймын деушілерге жоба жасау да, кеңес беру де тегін. Биылдың өзінде мұнда түрлі бағытта 27 бизнес жоспары дайындалған. Саят Момбеков, Талас аудандық бизнес инкубаторының директоры: - Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша банктерге 15 жоба жасадық. Оның 147 млн-ға 9 жобасы банктен оң шешімін алып, кәсібін бастап жатыр. Нұрбол несие қаражатына тақтай, топсы, шеге сияқты қажетті материалдарды алды. Қазір жас кәсіпкердің қарамағында 5-6 адам еңбек етеді. Цехта өнімнің 10-12 түрі жасалады. Жақында кәсіпкер цехта жасалған өнімдерді сату үшін дүкен ашпақ. Қазір ғимараттың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Іс жүріп берсе, келешекте тауарды облыс нарығына шығарады.