» » Жаңатаста шағын кәсіпкерлік кеңінен қанат жаюда

Жаңатаста шағын кәсіпкерлік кеңінен қанат жаюда

Жаңатаста шағын кәсіпкерлік кеңінен қанат жаюда
Бұрын шаһарда болмаған жобалар қолға алынған. Ол үшін моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде гранттар бөлініп жатыр. Жергілікті тұрғын Дархан Махамбетов мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын цех ашты,-деп жазады 24.kz
Қазір кәсіпкердің өніміне қалада құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компаниялардан сұраныс көп. Жас кәсіпкер Дархан Махамбетов Тараз қаласындағы құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытта жұмыс істеген. Сол жерде жүріп цех технологиясын көзбен көріп, үйренген. Ал толық меңгеріп алғаннан кейін, Жаңатас қаласынан жеке іс бастауға бел буыпты. Аймақтық үйлестіру кеңесіне тың жобасын ұсынып, өтеусіз грант жеңіп алды. Дархан Махамбетов, кәсіпкер: - 3 миллион теңге қайтарымсыз ақша бөлінді. Бұл 3 миллион теңгенің үстінен тағы өзіміздің қаражатымызды қосып, осы қондырғыларға тапсырыс бердік. Шикізатқа тапсырыс бердік. Толыққанды жұмыс жасап жатырмыз. Жаңа цехта күніне 15 тонна өнім дайындалады. Тапсырыс болса, 50 тоннаға дейін құрғақ қоспа шығаруға мүмкіндік бар. Мұнда 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дүйсенәлі Нұрғалиев, жұмысшы: - Осы цех ашылғаннан кейін келдім. Жаман емес. Үйреніп келе жатырмын. Жалақысы жақсы. Өзіме ұнайды. Отандық сапалы өнімге сұраныс жоғары. Жергілікті нарықтан бөлек Ақтөбе, Орал, Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрылысшыларынан да тапсырыс түседі. Жалпы ауданда бағдарлама шеңберінде сүт өнімдері, кірпіш, темірден бұйым шығаратын бірнеше цех пайда болған. Жұмат Сахыпбеков, Сарысу аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы: - Ауданнан бізде 6 жоба іске асырылды. Жалпы бюджеттен бөлінген қаражат 18 миллион теңгені құрады. Бұл жаңа инновациялық жобаларды іске асыру үшін бағытталған. Мемлекеттік бағдарламаға жергілікті жерде жоқ, тың жоба ұсынған азаматтар қатыса алады. Грант иегерлері арнайы байқау арқылы анықталып, өз ісін бастауға мүмкіндік алады.


Пікір: 0
Пікір қосу