» » Полиция қызметкерлерін қорғап, оларды қудалауды тоқтатуды талап еткен наразы халық көшеге шықты

Полиция қызметкерлерін қорғап, оларды қудалауды тоқтатуды талап еткен наразы халық көшеге шықты

Жамбыл облысы Шу ауданында полиция қызметкерлерін қорғап, оларды қудалауды тоқтатуды талап еткен наразы халық көшеге шықты, деп жазады 31.kz
Олар Шу қаласындағы ең ірі көшелердің бірін жауып, өз шағымдарын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшыларына жеткізуге тырысты. Жамбыл облысында заң өкілдері арасында текетірес неліктен белең алуда? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті расымен қылмыскерлердің мүддесін қорғап отыр ма? Осы өңірге арнайы барған әріптесім Жарас Ниязбек наразы топты тыңдап қайтты.
Жамбыл облысының Шу ауданында бұрын-соңды мұнша халық жиналып көрмеген. Шу қаласындағы негізгі жолдың бірін жауып, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының алдына шоғырланған мыңға жуық тұрғын өз наразылықтарын білдіруге келген. Талап біреу - аудандық полиция қызметкерлерін қудалауды тоқтату. Жиналғандардың негізгі бөлігі - зейнеткерлікке шыққан полицейлер.
Наразылық шарасына бұрынғы құқық қорғау саласының қызметкерлерінен бөлек, Шу қаласының қарапайым тұрғындары да жиналды. Олардың басты талаптары: Шу аудандық ішкі істер бөлімінің қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу, полиция қызметкерлерін қудалауды тоқтату және бұған дейінгі құқық қорғау саласының қызметкерлеріне қатысты тергеу материалдарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырына тапсыру.
Тұрғындардың айтуынша, полицейлерді қудалау, жалған айыппен арыз жазу әрекеттері 2-3 жыл бұрын басталған. Әсіресе, қылмыстық топтарды әшкерелеп, аймақтағы есірткі бизнесінің жолын кескен полицейлерге қатысты тергеу жұмыстары жиілеген. 
ҚУАНДЫҚ ЕКЕЙБАЕВ, Шу қаласының тұрғыны:
- Полиция қызметкерлерінің өздері қудалауға түсіп жатса, өздерінің әділетті жұмысы үшін, онда біз қайда барып әділет іздейміз? Сол үшін осында келіп отырмыз.
Жиналған топты сабырға шақырып, жағдаймен танысуға Шу ауданының прокуроры да келді. Наразы халықтың талаптарымен танысқан прокурор оларды таратуға тырысты. Ал ауласына аттандап келген көппен кездесуге мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы ұзақ ойланып әрең шықты.
МАРАТ БАЙҒАБЫЛОВ, Шу аудандық МҚІСЖҚІҚ басқармасының басшысы:
- Басшыларға жеткіземіз, прокуратураға жеткіземіз. Ауданның прокуроры да түсіндірген шығар. Бәрін жеткіземіз. Бұл іс бұрынғы финполиция кезінде басталған. Қазір спецпрокурор жүргізіп жатыр. Оперативное следственный топ бар. Солар жүргізіп жатыр. Халықтың назарын соларға жеткіземіз.
Полицейлердің берекесін қашырғаны өз алдына, бейбіт тұрғындарды да тіксіндірген оқиғаларды облыс әкімдігі біле ме, білмей ме - белгісіз. Ал әділдік сұрап наразылық шарасына қатысқандар мұнымен шектелмейтіндерін мәлімдеді.


Пікір: 0
Пікір қосу