Көпір құрылысын жүргізуге лицензия америкалық Steven Holl Architects фирмасына берілді. Marmormolen жобасы 2008 жылы бекітілген еді, алайда қаржы дағдарысына байланысты жергілікті билік ақшадан қысылып, жаңа көпір жобасы да сол күйі шаң басып жатты.
Конструкция аспалы көпірмен байланысқан екі мұнарадан тұрмақ. Көпірдің арқасында велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер Дания астанасының көз тартар әдемілігіне сүйсініп қана қоймай, порттан қалаға жету жолында біраз уақытын үнемдей алады.
Копенгаген қақпасы деген атқа ие болған велосипед жолы мен жаяу жүргіншілер аллеясы шаһардың сәні мен салтанатына айналмақ. Круиздік кемелердің қозғалысына кедергі келтірмес үшін көпірді 65 метр биіктікте салу туралы шешім қабылданды. Көпір құрылысын 2017 жылға дейін бастау жоспарлануда.



