Заңсыз тауар тасымалының алдын алу мақсатында еліміздің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Қырғыз елінің салық комитеті қызметкерлерімен бас қосты,-деп жазады khabar.kz. Қаралған мәселе көп. Контрабандамен күрес те айтылды. Салық төлеуден жалтарғандармен жұмыс жүргізу шаралары да сөз болды. Екі ел арасындағы барыс-келісте кездесетін кедергілерді азайтудың тетіктері талқыланды. Бұл мәселелер әсіресе Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы өте өзекті болып тұр. Дәулет Ерғожин, ҚР ҚМ мемлекеттік Кірістер комитетінің төрағасы -Мұнай өнімдері және өзге де тауарларды тасымалдау бойынша бірқатар өткір мәселелер бар. Жалпы барлық проблемалар бойынша бірігіп әрекет етуге келістік. Өз елімізде біз тиісті шараларды қолға алуды бастаймыз. Ортақ міндет – барлық қарым-қатынастың Заңға сәйкес жүруіне жағдай жасау. Замирбек Осмонов, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік салық қызметінің төрағасы -Бұдан былай кемінде жарты жыл сайын кездесіп тұруға келістік. Сонда ортақ мәселелерді уақтылы шешіп, жұмысымыз нәтижелі болады деп отырмыз. Мақсатымыз – азаматтарға Еуразиялық экономикалық одаққа кірудің пайдасын барынша ұғындыру.



