» » Шулықтар "Денсаулық акциясына" белсене қатысты

Шулықтар "Денсаулық акциясына" белсене қатысты

Шулықтар "Денсаулық акциясына"  белсене қатысты Тараз. Zhambylnews - Республикалық денсаулық күніне орай Шу ауданы «Локомотив» стадионында акция ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Қатысушылар шара алдында дене жаттығуларын жасады. Шу қаласы әкімінің орынбасары Арыстан Алтынбек жұртшылықты жалпыұлттық фестивальмен құттықтап, шулықтарды салауатты өмір салтын ұстануға және оны жақындары мен таныстарына кеңінен насихаттауға шақырды.
Атап өтерлігі, акция барысында қаладағы ұйымдар мен мекемелер, колледждер мен мектеп ұжымдары өзара достықтарының беріктігімен белсенділік танытты.
Қатысушылар командаға бөлініп, арқан тартыс, қол күрес, гір көтеру, жүгіру сынды т.б спорт түрлерінен жарысты. Ал барлығынан ең әсерлісі, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі арқылы әлеуметтік тапсырыс аясындағы қызметті жүзеге асырып, қаржылық демеушілік жасаған «Шу табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Алиғұловтың естелік сыйлықтармен марапаттауы болды. Бастысы, стадионға келген жандар жаттығудан күш-қуат пен көтеріңкі көңіл-күй алды. Акцияның аяқталу шағында, жасыл алаң үстінде жастар арасында би жарысы өтті. Бишілер «Қара жорға», «Лезгинка», заманауи би түрлерінен шеберліктерін көрсете білді. Ал қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән шашуларымен шулықтарға қуаныш сыйлады.
Дәл сол күні таңертең салауатты өмір салтын ұстанушылар Төле би ауылындағы «Сары Хасенов» атындағы стадионға жиналды. Олардың ішінде – аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдердің басшылары, оқытушылар мен мектеп оқушылары және басқа да ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері болды. Жалпы алғанда, биыл ауданда жыл сайын өткізілетін республикалық денсаулық фестиваліне қатысушылардың саны өткен жылдағылармен салыстырғанда біршама асып, 500 адамға жетті. Алдымен қатысушылар арқан тартыс, қол күрес, гір көтеру, жүгіруден жарыстарын бастамас бұрын жаттығу жұмыстарын жасап, денелерін шынықтырып алды.
Жеңіл жаттығу жасалып болғаннан кейін командалар сапқа тұрғызылып, Қазақтан Республикасының Әнұраны шырқалды. Жиналған азаматтар аудандағы жастар денсаулығы орталығының директоры Есен Оспанова пен спорт ардагері Бақтықұл Жаманқұловты қарсы алды. Олар іс-шараның маңызы зор екенін атап өтіп, денсаулықтарының мықты болуларына тілектес екендерін білдірді. Осыдан кейін аудан орталығының мектеп оқушылары флешмоб көрсетті. Әсерлі әуендермен жасалған ырғақты қимылдардың көпшілікке ұнағаны соншалық, өздері де қосылып билеп жатты. Сондай-ақ ұлттық би «Қара жорғаның» да әсері одан кем болмады.
-Бүгінгі іс-шара өте қызықты өтуде. Барлығы көңіл көтеріп, билеп жатыр. Көңіл-күйіміз күні бойы көтеріңкі жүретін болды. Біздің ұжым арқан тартыста бар күшін салуда, бұл – қызықты әрі қиын жарыс,-деп «Әсем» балабақшасының хореографы Ғалия өз ойымен бөлісті.
Келесі кезекте, қатысушылар спорттың әр түрінен бақ сынасып, жеңіліс пен жеңістер тауып жатты. Жеңіске жеткен командалар грамоталар мен естелік сыйлықтарды иеленді.
-Елбасы Н.Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына кіруді үлкен мақсат етіп қойды және мемлекетіміздің әрбір азаматы денсаулығы мықты ел болсақ қана көздеген мақсатымызға жете алатынымызды түсінуі керек деген болатын. Сондықтан ерте жастан бастап балаларымызды спортқа бейімдеп, зиянды әдеттерден аулақ болуларын ескертіп, түсіндіріп жүруге тиіспіз. Маңызы зор осындай іс-шараларды жиі өткізіп, аудан тұрғындарын белсенді қатысуға шақырып тұрсақ, олардың да салауатты өмірге, спортқа деген ынталары жоғарылар еді, - деді жиын соңында спорт бөлімінің басшысы К.Мәуленов.
«ZhambylNews» АА


Пікір: 0
Пікір қосу