Бірыңғай дистрибюьтер «СК-Фармация» серіктестігінің басшылығы жылдық үстемақыларынан бас тартты. Енді олар өздеріне тиесілі 118 млн теңге сыйақыны әлеуметтік аз қамтылған топтарға дәрі-дәрмек алып беруге жұмсайды. Бұл туралы серіктестіктің басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев тілшілерге берген сұхбатында айтты,-деп жазады khabar.kz. Осылайша орталық оператор басшылығы Елбасының бюджет қаражатын үнемдеу туралы бастамасына сөзбен емес, іспен үлес қоспақ екен. Нұржан Әлібаев, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы -Дұрыс шешім деп ойлаймын. Елбасының соңғы Үндеуінде осы мәселенің барлығы көтерілген. Қазір халықтың жағдайы өте қиын. Сондықтан түсіністікпен қарап, өзіміздің бонусымыздан бас тартып отырмыз. Оның барлығын болашақта дәрі-дәрмек сатып алу жұмыстарына жұмсалады. Бұдан бөлек, баспасөз мәслихатында айтылғандай, мемлекеттік медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бағасын қымбаттатпау шаралары қолға алынды. Қазір тегін таратылатын қажетті препараттардың барлығы 2014 жылдағы бағамен сатып алыныпты. Нәтижесінде дәрі-дәрмек арзанға түсіп отыр. Мамандар 102 млрд теңгеге медициналық препараттың 1034 түрін сатып алған. Олар өңірлердегі ауруханаларға келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жеткізіледі. Бүгінгі таңда еліміз бойынша қолданыстағы дәрі-дәрмек үлесінің тек 20 пайызы отандық өнім екен. Ендігі мақсат алдағы уақытта бұл көрсеткіш көлемін ұлғайту болып отыр.


