» » Сыр елінің командасы сыр бермеді

Сыр елінің командасы сыр бермеді

Сыр елінің командасы сыр бермедіОблыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Тараз-Арена» спорт кешенінде ІІ республикалық «Еңбек жасақтары» спартакиадасы өтті.
Доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев сөз алып, жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі.
Бұдан соң спартакиада басталып кетті. Шағын футболдан Оңтүстік Қазақстан облысынан келген команда жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бұл спорт түрі алты команда арасында айналмалы жүйе бойынша өтті. Нәтижесінде шымкенттіктер қарсылас шақ келтірмей, шешуші ойында Тараздағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамасынан да басым түсті. Жүлделі екінші орын «Қазфосфат» командасына бұйырса, жамбылдық теміржолшы жастардан құралған «Локомотив» командасы үшінші орыннан көрінді.
Волейболдан қызылордалықтар ерекше көзге түсті. Қызылордалық «Абзал және компания» толық серіктестігінің командасы шешуші ойында «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысшы жігіттерінен құралған команданы 2:1 есебімен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. «Қазфосфат» серіктестігінің құрамасы жүлделі екінші орыннан көрінсе, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген құрама үшінші жүлдені қанағат тұтты.
Қол күресінен 70 келі салмақта қызылордалық Нұрсұлтан Ибадуллаев жеңімпаз атанса, шымкенттік Абзал Әбілдаев пен тараздық Мақсат Төренов те жүлдегерлер қатарынан табылды. 80 келі салмақта жамбылдық Бағлан Тұяқбаев жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Жерлесіміз ақтық сында қызылордалық Сәбит Нұрбаевтан басым түсті. 85 келіден жоғары салмақ бойынша тараздық Александр Сергей қарсыласының барлығынан басым түсті. Қызылордалық Біржан Балғынов, тараздық Ерсайын Құттыбекұлы да жүлделі орыннан көрінді.
Үстел теннисінен тараздық Азамат Әбілсейітұлының мерейі үстем болды. Азамат ақтық сында ақтөбелік Бауыржан Бүркіттен басым түсті. Жүлделі үшінші орын Оңтүстік Қазақстан облысының әуесқой спортшысына бұйырды.
Жарысты облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев қорытындылап, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Командалық есепте қызылордалықтар спартакиада жеңімпазы атанды. Жүлделі екінші орын жамбылдықтардың еншісінде болса, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген құрама жүлделі үштіктің қатарынан көрінді.
Есет Досалы, «Ақ жол»
Мақала www.akjolgazet.kz сайтынан алынды


Пікір: 0
Пікір қосу