
Айтуынша, оның идеясынан туындаған киім жыл сайын өзгеріп отыратын сән үлгісіне тоқтау жасап, тұрмыстық қалдықты азайтады. Лондондық дизайнер Том Кридлэнд. Сән саласында өзіндік жаңалық енгізгісі келген 25 жастағы жігіт дәстүрлі кәсіп пен жаңа технологияны біріктіріп, жаңа мата түрін ойлап тапқан. Сөйтіп ол матадан өте төзімді киім тіккен. Сөзіне қарағанда, инновациялық трикотаждан жасалған жемпір 30 жылға дейін тозбайды және құны теңгеге шаққанда 25 мың тұрады. Том Кридлэнд, кәсіпкер дизайнер: - Киімнің матасы табиғи мақта мен аз ғана полиэстер деп аталатын синтетикалық қоспадан тігілген. Оның 1 метрінде 360 грамм мақта бар. Оны Португалиядан алдырамын. Өзім жартылай португалдық болғаннан кейін солардың көмегіне жүгіндім. Соншалықты сәнді болмаса да, өте шыдамды әрі киюге ыңғайлы. Ал лондондық жас дизайнер әріптестік орнатқан португалдық фирма 1964 жылдан бері мата саласында жұмыс істеп келеді. Олардың 1970 жылдары тіккен жемпірлері осы күнге дейін сол қалпында сақталған. Бүгінде кәсіпкерлер дәстүрлі әдістер мен замануи материалдарды біріктіріп өнім шығаруға кіріскен. Том Кридлэнд, кәсіпкер дизайнер: - Өз өніміміздің сапасы 30 жылға дейін жететініне толық кепілдік беремін. Оның үстіне қоршаған ортаға да ешқандай зиян келтіріп, қалдық шашпаймыз. Сондықтан табиғи таза өнім десем де болады. Сапасы нашар, арзанқол матадан тігілген киімнің тез қоқысқа кететіні де белгілі. Ал Том өзінің тозбайтын жемпірлерін халық арасында таныту үшін Рождество алдындағы саудада сатуды жоспарлап отыр.