» » Елімізде нан бағасы қымбаттай ма?

Елімізде нан бағасы қымбаттай ма?

Еліміздің әр өңірлерінде әлеуметтік нан бағасында айырмашылық болғанымен, соңғы 3-4 жыл бойына тұрақты деңгейде сақталып тұр. 600 грамдық бір бөлкенің құны 40-60 теңге аралығында. Ас атасы бағасының көтерілмеуіне өңірлік тұрақтандыру қорлары үлкен сеп,-деп жазады khabar.kz.
Алайда аз да болса оны өсіруге мәжбүр болып отырған аймақтар да бар.  Астықты өңір Қостанайда әлеуметтік нан бағасы 5 жыл бойы өзгеріссіз тұрды. 45-46 теңгеден асқан жоқ. Осы аралықта энергия көздері орташа есеппен 47 пайызға қымбаттаған. Оған тасымал қызметі мен жұмысшылардың еңбекақысын қоссаң, бір бөлкенің өзіндік құны 49 теңгеге жуықтайды екен.  Людмила Костоева, бас технолог -Барлық шығындарымызды жауып, еңбекақыны өсіріп, жаңа жабдықтар алу үшін бізге нанды 57 теңгеден емес, сауда орындарында 60 теңгеден сатса тиімді болар еді. 50 теңгеге көтергеннің өзінде 5 пайыз ғана пайдаға шығамыз.  Осындай өндірістік жайттарға байланысты Қостанай облысында бүгіннен бастап әлеуметтік нан бағасын 51 теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылданды. Баға өсімінің тағы бір себебі нан өндірушілерге беріліп келген субсидияның тоқтатылуы. Мәселен, Ақмола облысына осы мақсатқа ел қазынасынан соңғы жыл ішінде 449 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл бағдарлама өз мәресіне жеткен. Дегенмен, жергілікті биліктегілер: «Әлеуметтік нан бағасын 40-45 теңге деңгейінде қалдыруға қауқарымыз бар», – дейді. Оңтүстік Қазақстан облысы да субсидиядан қағылса да, нан бағасының тұрақтылығын ұстап тұр.  Нұрпапа Көпеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы -Мемлекет тарапынан әлеуметтік нанға, ұнға субсидия көлемі тоқсан сайын азаюынан орын алып отыр. Егер жыл басында алып келген 1 тонна бидайға 12 450 теңге субсидия төлесе, қазір 4 тоқсаннан бастап субсидия көлемі 2500 теңгеге түсіп отыр. Сондықтан нан бағасын 40 теңгеге көбейттік. Айта кетелік, қазан айының ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік нан құны не бары 35 теңге болған. Тағы көтерілгеннің өзінде 5 теңге қосылуы мүмкін. Алдағы айда 16 мың тоннадай астық түссе, Оңтүстік Қазақстанда жыл аяғына жетерлік әлеуметтік ұн қоры жасалады.  Атыраудың атқамінерлері де қамсыз отырған жоқ. Олар апта сайын сауда орындарын аралап, баға нарқын үнемі бақылауда ұстайды.    Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі  -Біз қазір 1 нанның шығу калькуляциясын зерделеп, қадағалап отырмыз. Бұл жерде кетіп жатқан шығындар төңірегінде өзіміздің сараптамамыз бар. Сол сараптама негізінде нанның бірден өсіп кетпеуіне жол бермеу үшін тиісті өз уақытында қажетті шаралар алатын боламыз. Бұл өңірде 7 жылдан баға өзгеріссіз. Бір бөлке нанның құны – 45 теңге. Және ол жыл аяғына дейін өзгермейді. Сала мамандары елімізде нан бағасының күрт және негізсіз өсіміне жол берілмейтіндігін айтады. 



Пікір: 0
Пікір қосу