
Зауыттағы өндіріс барысы бірнеше кезеңнен тұрады. Балқаш көлінен ауланған көксерке, сазан, табан, жыланбас, ақмарқа, шабақ, т. б. балық түрлері алдымен жуылады, одан соң қабыршығын аршуға жіберіледі. Ішкі және сыртқы сүйектері мен қылтанақтарынан арылған өнім мұздатылып, көлемі мен салмағына қарай іріктеледі. Іс барысы дайын өнімді қорапшаларға салумен аяқталады.
Өндірістің бір ерекшелігі - қалдықсыз технологиямен жұмыс жасауында. Ол үшін қалдықтар мен балық сүйектерінен ұн шығару цехы іске қосылған.
Үдемелі индустралдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған кәсіпорынның жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудағы үлесі қомақты. Бүгінде мұнда 30 адам өндірістің қырлары мен сырларына қанығып, тәжірибе жинауда. Жалпы алғанда мұнда 50 шақты адам жұмыс істейді, оның 32-і жергілікті тұрғындар. Науқан қызған шақта жұмысшылар саны 150-ге дейін артады. Айлық жалақы орта есеппен 60-80 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, зауыт иелігінде балық аулайтын 21 шағын кеме және 3 көлік бар. Құрал-жабдықтар Ресей, Түркия, Қытай елдерінен алынған.
Кәсіпорын болашақта тартылған ет және қалбырланған өнім шығарып, екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшуді жоспарлауда.
Зауыт басшысы Александр Куприннің айтуынша, кәсіпорын 3 мың тонна өнім өндіру қуаттылығына жетсе, 200 адам жұмыспен қамтылмақ.
«ZhambylNews» АА