
Жаңғыртудан өткен «Баранов саябағында» велороллерлік трасса да салынды. Жолдың ұзындығы – 2 шақырым. Ақсулықтар жол жиегіне мың түп ағаш көшеттерін отырғызды. «Баранов саябағының» тозығы жетіп, көркі қашқанын қоғам белсендірлері айтып, дабыл қаққан. Олар тамылжыған табиғат аясында орналасқан саябақты спорттық нысанға айналдыру қолайлы екенін де алға тартқан болатын. Енді, міне, демеушілердің көмегімен саябақта велороллерлік трасса пайда болды. Жаңа жолда велосипед, скейт, роликті шаңғы және конькимен сырғанауға болады. Дінмұхаммед Госман, жас шаңғышы: - Бүгін біз үшін қуанышты күн. Сүйікті қаламызда бірінші рет велотрасса ашылып жатыр. Бұл жерде шаңғышылар ғана емес, велосипедшілер, атлеттер, жалпы, спорттың барлық түрінен жаттығуға болады. Сондай-ақ, біз Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне қолдау білдіру үшін ағаш отырғызып, патриоттық акция ұйымдастырдық. Патриот жастар Геннадий Головкинің алдағы жекпе-жегіне сәттілік тілеп, флешмоб әзірлепті. Саябақта әлемге әйгілі боксшы Геннадий Головкиннің құрметіне аллея ашылды. Сондай-ақ, металлург, энергетик, ардагер, бұқаралық ақпарат құралдары мен депутаттар аллеясы пайда болды. Келер жылы саябақта қоян және экзотикалық құстар өсіретін шағын шаруашылық ашылып, субұрқақтар орнатылады. Баянауыл тауларына ұқсатып безендіру де қолға алынады. Осылайша, жаңаша кейіпке енген саябақ қала тұрғындарының таза ауада тынығып, спортпен айналысатын сүйікті жеріне айналады.